Көптiң көмегi
Мұқан полицмейстердiң кеңсесiне қарай шананы сүйрей жөнелгенде, оның соңынан қаланың үлкен-кiшiлi жүздеген адамы шұбап бiрге кеттi. Городовойлар оларды серпiлту үшiн қанша түсiн суытса да, жұрт оны елемедi. Балалар күртiк қарды қайыстай тiлiп келе жатқан шананың артынан итерiсiп, Мұқанның ауыр жүгiн жеңiлдете түстi. Қораға жақындаған соң, городовойлар шананың жанындағыларды қуып, ендi бiрi кеңседегi бастығына кiрдi.
Бастық маңызданып есiк алдына шыққанша, шана сүйреген Мұқан полицмейстердiң қорасының қасына тақалып қалды. Үйе тиелген шөптен сүйреген адам көрiнбейдi. Боран үрлеп, ақ қарды тықпалап тастаған шөптiң үстiнде аяғы серейiп ат жатыр. Шананың айналасында ор қояндай ойнақ салып балалар жүгiрiп жүр. Қолдарына шелегiн, күрегiн ұстаған әйел, еркектер шананы сүйреткендi көрiп қалуға ұмтылып, аяқтарын жүгiре басып, мойындарын созады. Бастық көше тол-ған кiсiлердi көрiп шошып кетiп:
– Бұл не үшiн қаптап жүрген адамдар? – деп, жанында тұрған городовойға қарады.
– Ұлы мәртебелi мырза, өзiңiз бiлмейтiн не бар... Ерiккен ел жаяу шана сүйреткендi қызық көрiп жинал-ғаны ғой.
– Неге қумайсыңдар бұларды?
– Қууын қудық, мырза. Бiрақ қусақ қораларға кi-редi де қасына кiсiлердi қосып алып, қайта жүгiрiп шығады.
– Қуыңдар. Қазiр тарасын. Шананы сүйреткен қазақ та қызық бұлар үшiн. Тарт. Шананы қораға кiргiз, – деп, бастық кеңсеге кiрдi. Мұқан шанасын сүйретiп полицмейстердiң қорасына кiрiп кеттi.
Қораның есiгi жабылған сон, городовой жиналған адамдарға:
– Жауырындарыңды мына дойыр тiлсiн демесеңдер, тараңдар, – деп қолындағы қамшысын көпке көрсеттi.
– Оныңды бiзге неге көрсетесiң? – дедi бiреу.
– Неге кетпейсiңдер? – деп, городовой мұртын тiкiрейттi.
– Қызық көремiз.
– Қандай қызық?
– Бiздiң Петроград, Москвадағыдай театр, клубымыз, циркiмiз жоқ... Жаяу шана сүйреткендi көрсек те қызық. Көшеге жиналған елге сендердiң бастықтарыңның өкпесi қысылып тұр ма? – дедi бiр тiгiншi.
– Ей, мұртыңды сыламай, жаңағы шана сүйреткендi берi шығаршы, көптiң дүбiрi өкпелерiңдi қысса, өзiмiз үйiмiзге алып кетейiк. Мұртыңды несiне тiкiрейтесiң. Оныңды күнде көрiп жүрмiз ғой, – дедi базардың орнын сыпыратын қарауылшы, городовойға жақындай түсiп.
– Ендi тараңдар. Ол бұл қорадан шықпайды.
– Неге?
– Ни iшлеп?
– За что? – деген дауыстар жамырай шықты.
– Ол қазынаға пайдасы тиiп тұрған. Масликовтың атын өлтiрiп, шанасын сындырып отыр.
– Е, Масликовтың байи түсейiн деп, дамыл тап-қызбай айдатып титығына жегкiзген аттары жылда қы-рылып жатады ғой. Өлген аттарын малшыларына төлет-кiзедi. Оларды ұрып, ұрсып жәбiрлейдi. Боранға ұшып өлiп, жарымжан болған жалшысы аз ба? Сендер соны қораларыңа неге қамамайсыңдар. Кеше шөкпе кеткен бес көлiктен шөптi жаяу сүйретiп бiреуi ғана келдi қалаға. Төртеуiн қар басып, далада қалды. Аты түгiл, адамы да қырылып қалған шығар. Городовойлар, оны неге iздемейсiңдер? – деп, бiреу дүрсе қоя бердi.
– Кетпеңдер, босаған соң дәудi алып барып, тамашасын беремiз... Отыз пұттық кеспектi қақпақыл ғып ойнатады, – дейдi. Үйдей қарағайды аяғымен теуiп сындырады, – дейдi.. Сонысын көремiз, – деп даурықты бiреулер.
– Бастық қайда? Бай, ат қырылатын болды, шөптi қайтарсын деп жатыр, – деп екi ат жетелеп Масликовтың бiр жiгiтi келдi.
Тарамай тұрған көпке қабағын шытып бастық тағы шықты.
– Азаматтар, түсiну керек қой. Сiздерге тарқа деген тәртiп берiлдi. Неге тыңдамайсыздар? Көңiл қалдыратын қылық осындайдан шығады ендi!
– Полицмейстер мырза, көңiл қалдыратындай көп-шiлiк не iстеп тұр. Өз аяғымызбен қар басып тұрмыз. Оның салмағы кiмге түскендей...
– Бұларға ұқтырудың өзi бiр жұмыс, – деп суыққа шыдамаған бастық даурығып әлденеме айтып, iшке кiре бергенде Масликовтың қамбашысы келiп:
– Тақсыр, шөптi шанасымен қайтарсын деп бай ат жiберiп едi, соған рұқсат етсеңiз...
Көпшiлiкке құрсанған ашудың шарпуы оған да тидi.
– Мен тергеп, тексерiп, акт жасамай ешнәрсенi қорадан шығармаймын.
– Тақсыр-ау, аттар аштан өлуге айналды...
– Масликовтың өзi өлсе де, айтқаным айтқан. Атымды өлтiрдi, тексер деген өзi. Тергеймiн ендi, ат өлген жерге барып көрем, – деп бастық ашумен есiктi тарс жауып, iшке кiрiп кеттi.
Балалар полицмейстердiң қорасының жан-жағынан асылып қарап:
– Әне, шанасы қораның дәл ортасында тұр. Өзi қардың үстiнде жалаңбас отыр... Әне, тұрды... Кеңсеге кiрiп барады, – десiп шулады.
Городовойдың бiреуi елдi тарата алмаған соң солардың «дәу» туралы әңгiмесiне өзi де араласты. Өзгелердiн өлшеусiз мақтауына бұл есептi дәлелiмен араласты.
– Бұл шынында дәу... мына шөп кемiнде қырық пұт. Арасына кiрген қары бес пұттан қалай кем болар екен... Ал анау ат он бес пұт қайтсе де болады. Сонда 60 пұт жүктi жетi шақырым жерге жаяу сүйрегенi ғой. Тегi жай бала емес, – дедi.
Бастық кеңсесiне кiрiп, ат өлтiрушiден жауап алды.
– Сенiң Масликовқа жұмыс iстегенiңе қанша болды?
– Үш жыл.
– Жасың нешеде?
– Оны бiлмеймiн, әйтеуiр, жылым түйе...
– Түйе деген немене?
– Түйе – түйе. Малдың ең үлкенi.
– Оның жаспен қандай байланысы бар?..
– Қазақта сондай жас болады. Сиыр, қой, жылқы – бәрi бар.
Ешнәрсеге түсiнбеген полицмейстер:
– Далада тұрғандардың iшiнде қазақ бар ма екен, шақырыңдаршы бермен, – деп есiк алдында тұрған городовойға бұйырды. Ол таяқты ақсақалды ертiп кiрдi. Полицмейстер қартқа қарап:
– Мынау «жылым түйе» дейдi. Осының жасы сонда нешеде болады? – дедi. Қарт жалшы балаға қарап:
– Түйе жылға iлiнбеген. Жылың тышқан шығар? – дедi.
– Айта көрмеңiз, ақсақал. Тышқаны құрсын. Әжем «жылың мақұлықтың ең үлкенi» деген. Түйеден үлкен мақұлық бола ма, соны айта салып едiм.
– Ендеше, жылың ұлу екен. Ұлу деген – балық. Балықтан үлкен мақлұқ болмайды, – дедi шал есептеп: – Мұның жасы он сегiзде.
– Жарайды, бара бер, – дедi бастық.
– Ал жұмыс iстегенiне үш жыл болыпты. Масликовтың содан берi неше атын өлтiрдiң?
– Осы шөптiң үстiнде жатқан ат. Мен еш уақытта ат өлтiргiм келмейдi.
– Ендi қалай өлдi?
– Масликов шөптi көп тие дедi. Көп шөптi тарта алмай ат тұрып қалды. Мен шананы итерiп жiбердiм. Шананың астына түсiп, өлiп қалды.
– Қалай астына ат түседi?
– Атыңды ана шананың алдына қой, мен шананы итерiп, қалай түскенiн көрсетейiн.
– Ә... њә. Сен менiң атымды өлтiргiң келген екен, ә? Мен саған көрсетемiн атты.
– Есiктен сөйлей, тұлыпқа оранып кеңсеге Масликов кiрдi.
– Аттарымның iшiндегi асыл тұқымды ең жақсы атым едi. Россиядан әкелiп, Шарафитдин мырза сатып едi. Биыл жасы он алтыда болатын. Баланстағы құны бiр жүз сексен сом екен. Жалшылықпен өтеуге бұл иттiң өмiрi жетпейдi Қалай болатынын ендi өзiм де түсiнбей отырмын, – дедi.
Байдың бетiне тесiле бiр қарап, тергеушi ат өлтi-рушiге:
– Көрдiң бе, байлар атының жасына шейiн бiледi, ә сен өз жасыңды бiлмейсiң. Қай жасыңда қандай жұмыс iстегенiңдi бiреу сұраса қалай айтасың?..
– Оны бiлем ғой. Әне бiр жылы өрiсте өлген өгiздi үйге көтерiп әкелдiм. Сонан бiр жыл кейiн құдыққа түскен Құтпанның түйесiн шығарып бердiм. Биыл байдың шөбiн өлген атын үстiне салып сүйреп үйiне, онан осы кеңсеге әкелдiм. Бұған жас санаудың не керегi бар?
– Қой, ол былшылыңды. Полицмейстер, мұнан атты өндiрiп бересiң, – дейдi бай.
– Жалақысынан ұста.
– Айлығы бiр сом сексен тиын, оған мұның өмiрi жете ме? Мен пәлен жыл бойына күтiп отырамын ба? Оған шейiн бұл шайтан барлық атымды қырып бiтiредi ғой. Үйiнде малы болса, әкелiп беретiн болсын.
– Үйiңде мал бар ма?
– Малым көп...
– Кепiлге алатын адамың бар ма?
– Кепiлдiң керегi жоқ. Өзiм өтiрiк айтпаймын.
– Далаға шығып, мына тұрған кiсiлердiң iшiнен тауып беретiнiң бар ма? Кепiлсiз болмайды.
– Даладағының бәрi кепiл болады.
– Қалай бәрi, танымайтын кiсiлер саған қалай кепiл болмақ? – деп сұраушы танданды.
– Далаға шығарып көрейiк. Даладағы қазақтың бiреуi танитын шығар.
– Мұны тануын таниды. Маған ат төлейтiн адам керек қой.
Бәрiн табамын. Тек далаға шығайықшы, – дедi Мұқан. Шана сүйреген бала далаға, шығуы-ақ мұң екен, күтiп тұрған ел неше түрлi тiлде айқай салысты:
– Актысын жазып бiттi ме? Берi кел, ортамызға. Көрейiкшi өзiңдi, – десiп қолынан ұстаған бойымен көпшiлiк ортасына алып кеттi. Кеңседен алып шыққандардың әкiмгершiлiгi мен байлығы аяққа басылып, елең қылған жан болмады.
– Ей-ей.. кепiл керек оған, Масликовтын атын төлеу керек, – дедi полицмейстер.
– Ненiң кепiлi?! – деп күжiлдестi, даурыққан көп-шiлiк.
– Берi, берi. Мына ықтасынға алып келiңдер. Тер қатып, ауырып қалар өзi, – десiп айналасын қоршалай көшенiң арғы бетiне шығып кеттi. Полицмейстердiң айқайы, городовойдың ьсқырығы шырылдап, азан-қазаны шықты.
– Уә, сендерге не болды? Мұнша дегбiрлерiңнен неге айрыласыңдар? – деп, ұзын мұртты бiреу артына одырая қарады.
– Қайда апарасыңдар қылмыстыны?
– Қайдағы қылмыс? Ұрлық қылып па бұл?
– Ат өлтiрген, соны төлейдi.
– Ай, Масликов, сенде ар бар ма? Осы бала шанадағы шөптi жаяу сүйретiп келмесе қорадағы барлық атың қырылады. Сенiң орныңда мен болсам, осыған жүз сом берер едiм, – дедi жуан жұдырығын түйе сөйлеген мал союшы Петька.
– Шуылдамаңдар, атты төлейдi, – дедi полицмейстер, – оған шейiн ат өлтiрушiге кепiл керек!
– Оған кепiлдiң керегi не... Күнiмен соған бола баланы ұстап отырсың, әлгiде айтсаңыз едi. Тарыдан – тау, тамшыдан – теңiз тұрғызған көп емес пе бұл, – дедi бiреу.
– Аты қанша тұрады екен?
– Бiр жүз сексен сом...
– Шығарыңдар бiр сомнан. Аты түгiл, Масликовтың әкесiнiң құнына жеткендей ақша жиналсын!
Жүздеген қол қойын-қонышына сұғынып, мә, мә дестi.
Бiр уыс ақша Масликовқа ұсыныла бердi.
– Осындай мейiрiмдерiң болмаса, ел деп кiм айтар едi.. – дедi бiр қарт. Ақшаны қолына ұстаған бiреу Масликовтың қолына санап берiп, аттың төленгенiне тiлхат алды.
– Ой, тоқтаңдар, құны төлендi, өлген атты ала ке-тейiк, болмаса Масликов консерв заводына сол аттың етiн тағы сатады. Онан да, өзiмiз терiсiн алып, етiн итке берейiк...
Қалған ақшаны қолына ұстап шөпшi бала көше тол-ған көпшiлiктiң ортасында кете барды.